Ақмола облысының ауылдық мектебі Қазақстанда алғаш рет Starlink компаниясының жоғары жылдамдықты интернетімен пилоттық режимде қамтамасыз етілді. Орнатылған спутниктік жабдық Қорғалжын ауданы Майшұқыр ауылының орта мектебінде білім беру платформаларына, оқу материалдары мен еліміздің және әлемнің үздік педагогтарының сабақтарына қол жеткізуге мүмкіндік берді, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

"10 қазанда мектепте спутниктік құрылғы орнатылды, бұл оқу орнында инновациялық тәсілдерді енгізуге жағдай жасады. Біз бұған өте ризамыз. Енді біз оқу процесінде цифрлық білім беру ресурстарын кедергісіз пайдалана аламыз", - деді Майшұқыр ауылы мектебінің директоры Жүсіп Махметов.


"Біз Интернет жылдамдығын 20 М.бит/сек артық қамтамасыз етудің техникалық мүмкіндігі жоқ 270 мектептің тізімін пысықтап келісіп алдық. Олардың барлығы StarLink жобасына енгізілген. Интернетке осындай жылдамдықпен қол жеткізу мектеп мұғалімдері мен оқушыларына бір мезгілде "Күнделік" жүйесінде, "Bilim land" білім беру платформасында, "НОБД" интернет ресурсында және басқаларында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл қалалық және ауылдық мектептер арасындағы орта білім беру сапасының алшақтығын қысқартуға, ауыл педагогтеріне түрлі онлайн трансляцияларға қатысуға мүмкіндік береді", - деді Ақмола өңірлік білім берудегі жаңа технологиялар орталығының директоры Бағдат Қадыров.


Айта кетейік, 2024 жылы осы жоба аясында облыстың 32979 оқушы контингенті бар 270 мектебін Starlink-тен интернетпен қамтамасыз ету жоспарлануда. Ол туралы Көкшетауда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің қатысуымен өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.